БҚО-да он күн ішінде автобус жүргізушілері 869 рет тәртіп бұзған

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Қоғамдық көліктердің жол оқиғаларына ұшырауын болдырмау мақсатында елімізде 22 қаңтардан бері «Автобус» кең ауқымды жедел алдын алу шаралары жүргізілуде, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

БҚО ІІД жергілікті полиция қызметінен түскен мәліметке қарағанда, шара басталғаннан бері қоғамдық көлік жүргізушілері жол берген 869 әкімшілік құқықбұзушылық анықталды. Соның ішінде 276 жүргізуші бұрылу ережесін бұзған. 267-сі ұялы телефон қолданған. 109-ы жылдамдықты шектен тыс арттырса, 9-ы жолаушыларды жасырын тасымалдауға барған. Сондай-ақ 93 қоғамдық көліктің міндетті техникалық байқаудан өтпей, жолаушы тасымалдауға шыққаны белгілі болды. Автобус парктерінің 8 лауазымды қызметкері әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оған қоса көлік басқару құқығы болмаса да, автобус руліне отырған жүргізуші мен сол автопарктің лауазымды қызметкері де жазасыз қалмады.

Еске сала кетейік, 1 ақпан күні Орал-Желаев жолында автобус пен «МАЗ» жүк көлігі соқтығысып, екі адам қаза тауып, жетеуі ауруханаға жатқызылған болатын. Осы оқиғаға байланысты облыс әкімі Алтай Көлгінов БҚО ішкі істер департаментінің басшылығына жол қауіпсіздігіне бақылау орнатуды күшейтіп, автопарктермен жұмысты ширатуды тапсырған еді. 2 ақпаннан бері өңірде «Қауіпсіз жол» жедел алдын алу шарасы да өткізілуде.