БҚО-да өңір әкімінің қатысуымен Кеден одағына қатысты мәселелер талқыланған семинар-кеңес өтті

None
ОРАЛ. 3 тамыз. ҚазАқпарат -  Қазақстан Кеден одағы аясында, бірыңғай экономикалық кеңістікте өмір сүруде. Көп кешікпей Дүниежүзілік сауда ұйымына мүшелікке өтеді.

Осынау ұланғайыр сынақтан абыроймен өту оңай шаруа емес. Әсіресе, шағын және орта бизнеске күш түсейін деп тұр. Аталмыш мәселе Оралда өткен семинар-кеңесте егжей-тегжейлі талқыланды.

Семинарға облыс әкімі Нұрлан Ноғаев, «Атамекен» одағы» Қазақстан ұлттық-экономикалық палатасының басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов,  Атырау, Ақтөбе, Маңғыстау облыстары әкімдерінің орынбасарлары және кәсіпкерлер қатысты. Жиынды ашқан облыс әкімі Нұрлан Асқарұлы тақырыптың өзектілігіне тоқтала келе, Елбасы тапсырмасына сәйкес, 2020 жылға дейін жалпы ішкі өнімдегі шағын және орта бизнестің үлесі 40 пайызға жетуі тиіс екендігін атап өтті. «Батыс Қазақстан Ресейдің бес облысымен шектеседі. Сондықтан біздің кәсіпкерлер Кедендік одақтың өзіндік қиындығы мен басымдығын сезініп отыр. Бәсекелестік күшейді, соған сай өндірісін жетілдіріп, шаруасын дөңгелетіп отырғандар да бар. Ендігі мақсат - осы жолда жұмысты әрі қарай жетілдіре беру» - деді облыс басшысы.

Абылай Мырзахметовтың айтуынша, Қазақстан Кедендік одаққа енген екі жылдың ішінде біраз тәжірибе жинақталған. Қиындық та жоқ емес. Соған қарамастан ілгерілеушілік айқын көрініп тұр.

-«Атамекен» - отандық кәсіпкерлердің мүддесін Үкімет алдында, басқа да жерлерде табанды қорғайтын бірден-бір ұйым. Бүгін таңда Кеден одағына кіретін Қазақстан, Ресей және Беларусь аумағында бұрынғы посткеңестік елдер халқының 60 пайызы тұрады. Осы үш елдің ішкі жалпы өнімінің жиынтығы 2 трлн. долларды құрайды. Яғни, алып нарық ашылды, тауар өндіріп, сатуға мүмкіндік мол. Одақтағы әріптестердің ықпалында қалмас үшін қазақстандық кәсіпкерлер өндірісті жетілдіріп, өнім сапасын арттыруы аса маңызды - дей келе Абылай Мырзахметов Ресейдің халқы миилион адам болатын ірі мегаполистерінен арнайы сауда өкілдіктерін ашуды ұсынды. «Сауда өкілдері сол қаладағы нарықты, базар бағасын зерттейді. Алған мәліметтерін жүйелеп, Қазақстандағы кәсіпкерлерге ұсынады. Бұл кәсіпкерге де жеңіл. Өнімін өткізетін жеі болады» - деді А.Мырзахметов.

Семинар-кеңеске қатысушылардың айтуынша республика биылғы жылдың аяғына дейін ДСҰ-ға кіру жөніндегі келіссөздерді аяқтауды жоспарлауда. Оған да тыңғылықты даярлық қажет. Жиын барысында жергілікті кәсіпкерлер мамандарға тікелей сұрақ қойып, олардың жауаптарын естуге мүмкіндік алды.