Батыс Қазақстан облысы бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Эльмира Қиматованың мәлім еткеніндей, 2025 жылдың желтоқсанында Сауда және интеграция министрінің бұйрығымен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізбесі 19-дан 31-ге дейін кеңейтілді.
Эльмира Нұрқызының сөзіне қарағанда, тізбеге қияр, қызанақ, алма, ірімшік, қара шай, қаймақ секілді азық-түлік өнімдері енгізілді.
— Шеттен әкелінетін, сондай-ақ жергілікті жылыжайда өсірілетін өнімдер болса да, қияр мен қызанақтың бағасы қала тұтынушыларының көңілінен үнемі шыға бермейді. Кәсіпкерлік субъектілері әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына қатысты шекті сауда үстемесін заңнамаға сәйкес 15 пайыздан асырмауы тиіс болса да, бұл талапты бәрі бірдей сақтамайды, — дейді Эльмира Қиматова.
Оның айтуынша, департамент наурыз айында Орал қаласының сауда желілеріне қиярдың 117,3-тен 236,9 пайызға дейін, қызанақтың 66,6 пайыз сауда үстемесімен түскендігін анықтады.
Кәсіпкердің бұл әрекеті «Сауда қызметін реттеу туралы» ҚР Заңының 9-бабына қайшы келеді. Онда шекті сауда үстемесі өнім өндірушінің босату немесе көтерме сауда арқылы берушінің бағасынан 15 пайыздан аспауы тиіс екендігі көрсетілген.
— Осыған байланысты департамент кәсіпкерге қатысты әкімшілік іс қозғап, оған айыппұл салынды, — деп қосты департамент басшысы.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да өнім жеткізушінің балабаақшаларға майдың бағасын екі есеге қымбат сатқанын жазған болатынбыз.