ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында жол апатынан полиция қызметкері мерт болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, оқиға 9 маусым күні шамамен сағат 19.45-те Орал-Ақсай жолының 25-шақырымында болды.
Күре жолда 28 жастағы жүргізуші «ВАЗ-2110» автокөлігінің руліне ие бола алмай, аударылып қалды.
Жол апаты салдарынан облыстық патрульдік полиция батальонының 28 жастағы қызметкері ауруханада көз жұмды.
Оның қасында болған екі жолаушы зардап шеккен жоқ.
Аталған оқиға бойынша ҚР ҚК 345-бабы 3-бөлігіне сәйкес қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Тиісті сараптамалар тағайындалды.
БҚО полиция департаментінің басшылығы мен жеке құрамы марқұмның тума-туысқандарына қайғысына ортақтасып, көңіл айтады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да полиция қызметкерінің жол апатынан қаза тапқанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).