ОРАЛ. KAZINFORM — Бұдан бұрын хабарланғандай, Батыс Қазақстан облысы Сырым ауданында өрттен бір отбасынан бес бала көз жұмған болатын.
Қайғылы оқиға биылғы 4 маусым күні болды. Қаза тапқан бес баланың ата-анасы пәтер жалдап тұрған. Олар оқиға кезінде жұмыста болған.
БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметі қылмыстық іс қозғалғанын хабарлаған еді.
Қазіргі кезде қылмыстық іс БҚО төтенше жағдайлар департаментінде қаралып жатыр.
— Іс әлі өндірісте. ҚР Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды, — деп хабарлады БҚО ТЖ департаментінен.
Сырым ауданы әкімдігінен алынған мәліметке қарағанда, оқиғадан кейін балалардың ата-анасына баспана берілген.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда өрттен бір отбасынан бес баланың көз жұмғанын жазған едік.
Сондай-ақ БҚО-да өрттен бес баланың қаза табуына байланысты қылмыстық іс қозғалды.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).