ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында өзен суының деңгейі көтеріліп, жолды шайып кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, оқиға 8 ақпан күні сағат 19.00-де Бәйтерек ауданы Рубежин ауылының шетінде орын алды.
3 ақпаннан 6-сына дейін жаңбыр мен қардың жаууынан Рубежка өзенінің деңгейі көтерілді. Соның салдарынан уақытша айналма автожолды (ені 6 метр, ұзындығы 30 метр) су шайып кетті.
Негізгі көпір өткен жылдың қыркүйек айынан бері күрделі жөнделіп жатқандықтан (қосалқы мердігер – «Ануш» ЖШС), айналма жол салынған болатын. Дегенмен автокөлік қозғалысына шектеу қойылған жоқ. Қазір өзен арнасы түсуде, елді мекендерді су басу қаупі жоқ.
«Оқиға орнына департамент басшылығы да барды. Өзен бақылауда», - деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметінен.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).