ОРАЛ. ҚазАқпарат – БҚО-да пара алды деген күдікпен Шыңғырлау аудандық білім бөлімінің басшысы ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінен түскен мәліметке қарағанда, шенеунік орындалған жұмыс актісіне тексерусіз және ешқандай кедергісіз қол қойғаны үшін кәсіпкерден 1,9 млн теңге пара алды деген күдікке іліккен.
Күрделі жөндеу жұмыстары Шыңғырлау ауданы мектептерінде жүргізілген.
Күдікті 30 қазан күні ҚР Қылмыстық іс жүргізу кодексі 128-бабына сәйкес ұсталып, Орал қаласы полиция басқармасы уақытша оқшаулау изоляторына қамалды.
Агенттіктің БҚО бойынша департаменті аталған күдіктіге қатысты ҚР ҚК 366-бабы 2-бөлігіне (пара алу) сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары басталғанын жеткізді.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).