ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында пара алды деп айып тағылған полицей қызметінен қуылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлім еткеніндей, патрульдік полиция батальоны саптық бөлімше қызметінің инспекторына қатысты ҚР ҚК 366-бабына (пара алу) сәйкес қылмыстық іс қозғалған.
БҚО бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің тергеу басқармасы биылғы маусымда қылмыстық істі бітіріп, облыс прокуратурасына жолдаған.
Қызмет тәртібін өрескел бұзғаны үшін аталған қызметкер «Құқық қорғау қызметі туралы» ҚР Заңына сәйкес ішкі істер органдарынан қуылды.
Айта кетейік, қазіргі кезде қылмыстық іс Орал қалалық сотында қаралуда. Алайда сот отырысына куәгерлер келмеген. Оларды мәжбүрлеп келтіру туралы шешім шығарылды.
Оған қоса 21 тамыз күнгі отырысқа еркіндікте жүрген айыпталушының өзі келмеген. Сондықтан оның соттан бой тасалауы және куәгерлерге қысым жасауы мүмкін екендігін ескере отырып, айыпталушыны қамауға алу туралы қаулы қабылданды.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).