ОРАЛ. ҚазАқпарат – Орал қалалық сотында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Еңбек және әлеуметтік қорғау комитеті БҚО бойынша департаментінің қызметкерлеріне қатысты үкім шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінен мәлім еткеніндей, аталған департаменттің медициналық-әлеуметтік сараптама басшысы Бақытжамал Бекқожина ҚР ҚК 366-бабы 3-бөлігі 4-тармағына (пара алу) сәйкес айыпты деп танылды.
Сот үкімімен Б.Бекқожинаға параның 60 еселенген көлемінде 60 млн теңге көлемінде айыппұл салынды.
Осы үкіммен парақорлыққа делдал болу дерегі бойынша дәрігер-невропатолог Римма Телбаева айыпты деп танылып, оған параның 20 еселенген көлемінде 6 млн теңге айыппұл түріндегі жаза кесілді.
Олардың екеуі де мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік сектор нысандарында лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айырылды.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Орал қаласында азаматтарды тұрғын үй кезегінен шығару, пәтер бөлу төңірегінде дау шыққанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).