ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында полицейге пара бермек болған өзбекстандық жүргізуші ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлім еткеніндей, оқиға 21 қазан күні Самара-Шымкент жолының 276-шақырымында болды.
Сағат 10.00 шамасында өзбекстандық азамат «МАН» автокөлігінің жылдамдығын шектен тыс арттырғаны үшін патрульдік полиция батальоны қызметкерлерімен тоқтатылды. Содан кейін «Шкода Октавия» қызметтік көлігінде ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексі 592-бабы 2-бөлігіне сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартпау үшін полиция қызметкеріне 2 мың теңге көлемінде пара ұсынған.
Қазіргі кезде Орал қаласы полиция басқармасы ҚР ҚК 367-бабы 1-бөлігіне (пара беру) сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізуде.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда бір күнде полицейге пара бермек болған екі жүргізушінің ұсталғанын жазған едік.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).