ОРАЛ. ҚазАқпарат – БҚО полиция департаментінде тәртіп сақшылары мен шекарашыларға «Халық алғысы» медалі табыс етілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Салтанатты рәсімге қатысқан облыс әкімінің бірінші орынбасары Мұхтар Манкеевтің атап өткеніндей, карантин кезінде уақытпен санаспай, қызмет етіп жүрген полиция қызметкерлері мен шекарашылар еңбегі марапатқа лайық.
Оның сөзіне қарағанда, індет басталғаннан бері мемлекеттік шекара мен блокпосттарда ахуал оңай болған жоқ. Қазір де қауіп сейілді деу қиын. Сондықтан алда тұрған міндеттер аз емес. «Халық алғысы» медалі – елдің алғысы деген сөз.
«Халық алғысы» медалі 25 полицейге, полиция департаментінің емханасы бар госпиталінің 2 қызметкеріне және 4 шекарашыға тапсырылды.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).