ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында полицейлер «сары қыздың» елесіне байланысты ақпаратты тексеретін болады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО полиция департаментінің ресми өкілі Болатбек Белгібеков мәлім еткендей, бұл жөнінде облыстық департамент бастығының міндетін атқарушы Жанболат Жаншин Қаратөбе ауданы жергілікті полиция қызметіне арнайы тапсырма берген.
Ханкөл ауылы маңында «сары қызды көрдік» деген куәгерлер анықталып, олардан жауап алынады. Сондай-ақ әлеуметтік желіде таралып кеткен бейнежазбаның шындыққа сәйкестігі сараланатын болады.
«Тұрғындардан мәселенің байыбына бармастан, күмәнді ақпараттарды таратпау сұралады. Көрінеу жалған ақпарат таратқаны үшін ҚР ҚК 274-бабына сәйкес қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын еске саламыз», деді ҚазАқпарат тілшісіне Б.Белгібеков.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО әкімінің «сары қыздың» елесіне байланысты түсінік бергенін жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).