ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында патрульдік машина мен «Ауди» соқтығысып, бір адам қаза тапты. Тағы үш адам жарақаттанды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.
Оқиға 1 наурыз күні «Орал-Ақсай» жолы бойында Бөрлі ауданы Масайтөбе ауылы тұсында болған.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Гүлнәр Әбдірахманованың айтуынша, зардап шеккендердің барлығы ер адамдар. Олар Бөрлі аудандық орталық ауруханасына жеткізілді. Қазіргі уақытта зардап шеккен екі адамды облыстық клиникалық ауруханаға ауыстыру мәселесі қаралуда. «Ауди» жүргізушісі ауруханаға жатудан бас тартты.
БҚО Ішкі істер департаменті бұл оқиғаға қатысты ақпаратты кейін беретінін жеткізді.
Айта кетейік, бұл - соңғы күндері полиция қызметкерлерінің қатысуымен болған екінші оқиға. 27 ақпан күні Сырым ауданы Алғабас ауылы тұсында автобуспен түйіскен «ВАЗ-2114» автокөлігінің рулінде болған аудандық Ішкі істер бөлімі учаскелік инспекторының қаза болғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).