ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында полиция қызметкері пара алды деген күдікке ілінді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінен мәлім еткеніндей, қазіргі таңда Орал қаласы полиция басқармасы патрульдік полиция батальонының взвод командиріне қатысты қылмыстық іс тергелуде.
«Полиция қызметкері Ресейден келген астық тиелген жүк көліктерінің Орал қаласы аумағында артық салмақпен кедергісіз жүріп-тұрғаны және жалпы қамқорлық көрсеткені үшін Т. деген азаматтан 110 мың теңге көлемінде пара алды делініп отыр. Күдікті ҚР Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 128-бабына сәйкес ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Өзге ақпарат тергеу мүддесі үшін ҚР Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 201-бабына сәйкес таратуға жатпайды», деп хабарлады ведомстводан.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).