ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында пробациялық бақылауда тұрған 13 адамға рақымшылық қолдану туралы өтініш аудандық соттарда қаралып, қанағаттандырылды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
Орал қалалық пробация қызметінің аға инспекторы, әділет капитаны Алмагүл Дүйсәлиеваның айтуынша, бас бостандығын шектеуге кесілгендерден 8 адамның алтауы (Қазталов ауданында - 1, Жәнібекте - 1, Жаңақалада - 4) жазадан босатылса, Зеленовтан екі сотталушыға жазасы төрттен бір бөлігіне қысқартылды. Үш адамға (Қазталов, Жәнібек, Жаңақалада бір-бірден) ҚР ҚК 63-бабы қолданылып, олар бас бостандығынан айыру жазасынан босатылды. Зеленов ауданында қылмыстық іс-әрекетке барған тағы екі адам жазадан құтылды.
Айта кетейік, «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы» Заңға сәйкес БҚО бойынша пробация қызметінің есебінде тұрған барлығы 610 адамға рақымшылық жасалмақшы.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).