БҚО-да прокуратураның араласуымен инвестор цемент зауытын салу жұмысын жалғастырды

ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысында инвестордың БҚО жер қатынастары басқармасы тарапынан кедергіге тап болғаны анықталды. 

Фото: 7770003.ru

БҚО прокуратурасының баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес маңызды инвестициялық жобаларды қолдау бойынша жүйелі жұмыс істеліп жатыр.

Белгілі болғанындай, «СпецСтройСервис» ЖШС 2022 жылдан бастап инвестиция көлемі 75 млрд теңге болатын цемент салу және 60 жұмыс орнын ашу жобасын қолға алған. Алайда БҚО жер қатынастары басқармасы болашақ кәсіпорынның жұмысына қажетті сазды шикізат пен опокадан бор өндіруге арналған жер телімін жалға беру шартын бұзу туралы сотқа шағым түсірген.

Мәселені шешу мақсатында Батыс Қазақстан облысының прокуратурасы барлық мүдделі тараптың қатысуымен фронт-офис отырысын ұйымдастырып, нәтижесінде талап арыз кері қайтарып алынды. Әйтсе де бір жылдан кейін басқарма жалдау шартын біржақты бұзып, сот бұл әрекетті қолдады.

— Облыс прокуратурасының наразылығымен инвестордың бұзылған құқығын қалпына келтіруге мүмкіндік беретін сот актісінің күші жойылды. Қабылданған шаралардың арқасында инвестор қытайлық серіктесімен 100 млн доллар көлемінде келісімге келіп, зауыт құрылысын жалғастырды, — деп хабарлады ведомстводан.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да құны 53 млн теңге тұратын 10 тұрғын үйдің мемлекеттік меншікке тіркелмегенін жазған едік.