ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында Ресейден келе жатқан жүк көлігі жол жиегіне түсіп кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО ТЖ департаментінің баспасөз қызметі мәлім еткеніндей, оқиға 27 қараша күні Орал-Атырау жолының 188-шақырымында, Ақжайық ауданы Ақсуат ауылы маңында болды.
«Mercedes» жүк көлігінің жүргізушісі рульге ие бола алмай, жол жиегіне түсіп кеткен.
Сағат 16.00-де №6 өрт сөндіру бөлімі және Ақжайық ауданы ТЖ бөлімінің күшімен жүк көлігі тазартылған жол учаскесіне шығарылды.
Жүргізуші, түркиялық азамат Ресейден Түркістан облысына бара жатқан. Жүк көлігіне ағаш, өсімдік көшеттері тиелген.
Шетел азаматына жылы жерде ыстық шай, тамақ берілді. Ол қазақстандық құтқарушыларға ризашылығын білдірді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да 21 тонна бензин әкеле жатқан жүк көлігінің аударылып қалғанын, қыстақтан шыққан тұрғынның адасып кеткенін жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).