ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында Ресейден келген азамат суға кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Теректі ауданы әкімі аппаратының төтенше жағдайлар жөніндегі бас инспекторы Бақытжан Есқожиннің сөзіне қарағанда, қайғылы оқиға 12 сәуірден 13-іне қараған түні Покатилов ауылы маңындағы су қоймасында болған.
46 жастағы азамат осы ауылда тұратын туыс інісіне келген. Ол Ресей азаматтығынан шығып, Қазақстан азаматтығын алу үшін інісімен бірге құжат рәсімдеп жүрген. Сосын кешкісін балық аулауға барған. Сағат 22.00 шамасында туысы ауылға тамақ алып келуге кеткен. Қайтып келсе, бауыры жоқ.
Марқұмның денесін жұма күні таңертең осы ауылдың тұрғыны тапқан.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын өткен жылғы желтоқсан айында балық аулауға барған төрт адам суға кеткен болатын.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).