ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында Ресейдің Саратов қаласында оқитын студенттен коронавирус анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, 22 сәуір сағат 22.50-дегі соңғы мәліметке сәйкес, Қазақстанда коронавирус тағы 65 адамнан анықталды. Соның ішінде Батыс Қазақстан облысында 4 жағдай тіркелді.
БҚО-ның шұғыл штабынан мәлім еткеніндей, бұлардың төртеуі де – облыс азаматтары. Үшеуі Ресей астанасы Мәскеуде жұмыс жасайды, біреуі – Саратов қаласындағы ЖОО студенті.
Олар Саратов облысымен шектесетін «Тасқала» бекетінен өткен кезде денсаулықтарына шағымы болмаған. Әйтсе де карантиндік стационарға жатқызылып, сынама алынған кезде коронавирусқа шалдыққаны белгілі болды.
Қазіргі таңда облыстық Жұқпалы аурулар ауруханасында жатқан науқастардың жағдайы қанағаттанарлық.
Сырқаттанғандармен қарым-қатынаста болғандар медициналық бақылауға алынып, ауру ошақтарында дезинфекциялық жұмыстар жүргізілді.
Осылайша облыста ауырғандар саны 76-ға жетіп, соның екеуі жазылып шықты. Осының ішінде 64-і – Ресейден, біреуі Атыраудан келген.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).