БҚО-да Ресейден вейптерді әкелмек болған тұрғынға жаза кесілді

ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысында «Киберқадағалау» жүйесі арқылы электрондық тұтыну жүйелерін (вейптерді) және ілеспе тауарларды жарнамалап, таратқан 20 Telegram-арна бұғатталды.

видеодан салынған кадр

Батыс Қазақстан облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, Қазақстан Республикасының аумағында электрондық тұтыну жүйелерін (вейптерді), сондай-ақ оларға арналған сұйықтықтар мен хош иістендіргіштерді әкелуге, өндіруге, өткізу мақсатында сақтауға және сатуға толық тыйым салынған.

Енгізілген тыйымға қарамастан, аталған өнімдерді заңсыз әкелу және тарату әрекеттері, соның ішінде мессенджерлер мен әлеуметтік желілер арқылы жүзеге асырылу деректері тіркеліп жатыр. Мұндай әрекеттер заңға қайшы және құқық қорғау органдарымен жолы кесіліп жатыр.

Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес, вейптердің заңсыз айналымы үшін қылмыстық жауапкершілік көзделген. Заң бұзушыларға ірі көлемде айыппұл салу, өнімді тәркілеу, сондай-ақ 5 жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе айыру түріндегі жаза қолданылуы мүмкін.

Департамент деректеріне қарағанда, вейптерді жеткізу арналары мен заңсыз сауданы анықтау және жолын кесу мақсатында жедел іздестіру және профилактикалық іс-шаралар тұрақты түрде жүргізіліп келеді.

Биыл Ресей Федерациясындағы интернет-дүкен арқылы 50 электрондық тұтыну жүйесіне (вейпке) тапсырыс беріп, оларды логистикалық фирманың қызметін пайдалана отырып, Қазақстанға әкелмек болған азаматқа қатысты айыптау үкімі шығарылды.

Логистикалық компания өкілдері тауарды әкеле жатқанда оларды шекаралық бақылау қызметкерлері тексеріп, вейптерді тәркілеген.

- Тергеу барысында азамат өз кінәсін мойындап, сот үкімімен ол 1 жылға бас бостандығын шектеу жазасына кесілді. Вейптердің заңсыз айналымы көбіне көлеңкелі секторда, салық төлемей жүзеге асырылады, бұл мемлекет экономикасына зиян келтіретінін айта кеткен жөн. Құқықтық салдардан бөлек, вейптер азаматтардың, әсіресе, кәмелетке толмағандардың денсаулығына елеулі қауіп төндіреді, никотинге тәуелділіктің қалыптасуына және ағзаға кері әсер етуіне ықпал етеді, - деп хабарлады ведомстводан.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда вейптерді заңсыз әкелгендер сотталғанын жазған едік.