БҚО-да республикалық жол құрылысындағы жұмыстар аяқталмай қалды

Фото: Бауыржан Ахметжан

ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысында республикалық маңызы бар Подстепный-Теректі-РФ шекарасы жолын (0-36 км) қайта жаңғырту жұмыстары толықтай атқарылмаған.

Заңгер, БҚО қоғамдық кеңесінің мүшесі Бауыржан Ахметжанның мәлім еткеніндей, мердігер мекеме «Казкомсервис» ЖШС-ның міндеттерін толық орындамағаны жөнінде бұдан бұрын да айтылған болатын.

Фото: Бауыржан Ахметжан

— Бастапқыда, 19 желтоқсан күні аталмыш жол бөлігіне қоғамдық бақылау жасап, бірқатар заң бұзушылықты анықтаған едім. Он күннен кейін трассаға қайта барсам, ақаулар сол қалпында жатыр. Тас қараңғы, түнгі жарық шамдары қосылмаған. Тіпті Пойма көпірінің асфальтын кесіп, жолдың шетін қопарып тастаған. Қорғаныш кедергілері болмағандықтан, Ақсай қаласынан Подстепный ауылына қарай немесе кері жол жүру өте қауіпті. 32 млрд теңгеге жасалған тас жолдың ұсқыны осы. Бұл үшін мердігерді кім жауапқа тарта алады? — дейді Б.Ахметжан.

Фото: Бауыржан Ахметжан

Осыған орай Kazinform тілшісіне «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ БҚО филиалының директоры Асылбек Мардан жауап берді.

Оның айтуынша, аталған жұмыстар тапсырыс берушімен қабылданған жоқ. 

— Жол жиегіндегі траншеяға қатысты айтарымыз: аталған учаскелерде жол жүріс бөлігінен суды жинауға арналған су бұру лотоктарын төсеу жұмыстары жүргізілді. Күні бүгінгі жағдай бойынша қалған жұмыс көлемі — 900 метр, — деді А.Мардан.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да салтанатты түрде ашылған жол құрылысы бітпей қалғаны рас па екенін жазған едік.