БҚО-да республикалық бюджет есебінен келген инвестиция көлемі 43 пайызға өсті

None
ОРАЛ. 26 желтоқсан. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Батыс Қазақстан облысында биылғы он бір айда республикалық бюджеттен келген инвестиция көлемі 26,7 млрд. теңгеге жетіп, өткен жылғыдан 43 пайызға асып түсті.

Облыс әкімдігінен түскен мәліметке қарағанда, биыл республикалық қазына есебінен Қазталов ауданы орталығында 280 орындық балабақша, Тасқалада 100 орындық интернатымен 300 орындық мектеп, Оралда 150 төсектік онкодиспансер, Жәнібек ауданы Тау ауылында су құбыры іске қосылды.

Ақсай қаласы мен Бөрлі ауданының оңтүстік бөлігіндегі елді мекендерді газдандыру мәреге жетті. Төрт газдандыру нысаны аяқталып келеді.

Өңірде төрт балабақша, 10 сумен қамту нысаны, Зачаган кентінде қосалқы станса, бір қалалық су құбыры желісі нысаны, «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында тоғыз инфрақұрылымды дамыту нысаны, тұрғын үйлер салу жалғасуда.

Бірқатар кәріздік желі, сумен қамту, коммуналдық шаруашылық нысандарына, автожолдарға қайта құру жұмыстары жүргізілуде.

Биылғы су тасқыны зардаптарын жою мақсатында Оралда 290 орындық балабақша, Зеленов ауданы Асан ауылында 230 орындық мектеп, өңірде төрт денсаулық сақтау нысаны пайдалануға берілді. Үш денсаулық сақтау нысанының құрылысы жалғасуда.