ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында биыл республикалық маңызы бар жолдарға 350 мың тонна асфальт төселді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ БҚО филиалының басшысы Қазбек Мәмбетовтің брифингте мәлім еткеніндей, Орал-Бузулук күрежолы толық жөндеуден өтті.
Оның сөзіне қарағанда, аталмыш жолдың жалпы ұзындығы – 28 шақырым.
«Асфальтбетон жабыны ауыстырылып, жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша іс-шаралар орындалды. Құрылыс-монтаж жұмыстарына 60 маман, 45 техника жұмылдырылды. Сонымен қатар Самара-Шымкент автомобиль жолының үш учаскесі (298-330, 408-443, 511-526 км аралықтары) жөнделді. Биыл өңірде барлығы 110 шақырым жол орташа жөндеу жұмыстарымен қамтылды», - деді Қ.Мәмбетов.
Филиал басшысы, сондай-ақ Подстепный-Федоров республикалық жолын жөндейтін мердігер ұйымдар анықталғанын жеткізді.
Республикалық маңызы бар жолдарды жөндеу алдағы жылы да жалғасады.
Фото: qaj.kz
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).