ОРАЛ. KAZINFORM – Батыс Қазақстан облысы Қаратөбе ауданы Аққозы ауылдық округіне қарасты Қоржын ауылында 6 маусым күні жылдамдығы секундына 20 метрге дейін жеткен қатты желдің салдарынан құрылыс жұмыстарына нұқсан келтірілді.
БҚО әкімдігінен мәлім еткеніндей, қазіргі уақытта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде.
«Су тасқынынан зардап шеккен Қаратөбе ауданы Қоржын ауылында 90 отбасыға арналған жеке тұрғын үйлердің құрылысы жүріп жатыр. Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасының қызметкерлері құрылыс сапасын бақылау үшін тұрғын үйлерді күнделікті бақылауды қамтамасыз етеді. Бұдан бөлек құрылыс жұмыстарын арнайы орнатылған бейнекамералар арқылы облыс әкімдігі де қадағалап отыр. Қаратөбе ауданының әкіміне және Батыс Қазақстан облысының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасының басшысына аталған олқылық бойынша ескерту жарияланды», деп хабарлады ведомстводан.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да салынып жатқан үйдің қабырғасы құлап қалуына байланысты әкімдік жауап бергенін жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).