ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында жыл басынан бері санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды бұзғандарға қатысты 2,7 млн-ға жуық теңгеге 51 хаттама толтырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің хабарлауынша, соңғы аптада (26 қаңтар – 2 ақпан) 525 мыңнан астам теңгеге 13 хаттама түзілді.
Облыста барлығы 158 мониторингтік топ болса, соның 20-сы Орал қаласында, 138-і аудандарда әрекет етуде.
«Қызыл» аймақта тұрған өңірде кеше 55 адамнан, бір аптада 623 адамнан коронавирус анықталды.
Індет басталғаннан бері 11113 адамнан індет табылып, соның 9153-і жазылып шықты.
Қазіргі таңда 284 адам жұқпалы аурулар стационарында ем алуда. 21 адам карантиндік стационарда, 16 адам жансақтау бөлімінде жатыр.
Жыл басынан бері коронавирус жұқтырған балалар саны 138-ге жетті.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО әкімінің орынбасары мен бас мемлекеттік санитар дәрігері коронавирусқа қарсы екпе салдырғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).