ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында биылғы тоғыз айда азық-түлік және азық-түлік емес өнімдерден 425 сынама алынса, соның 314-і немесе 73,8 пайызы талапқа сәйкес еместігін көрсетті.
БҚО тұтынушылар құқығын қорғау департаменті техникалық регламенттер талаптарының сақталуын бақылау бөлімінің басшысы Гүлнара Дүйсекенованың айтуынша, соның ішінде ет және ет өнімдерінен алынған 75 сынаманың 62-сі, құс етінен 58-дің 56-сы, май өнімдерінен 21-дің 18-і, сүт және сүт өнімдерінен 77-нің 58-і, кондитер өнімдерінен 11-дің 9-ы, жеміс-жидек, көкөністен 17-нің біреуі, басқа өнімдердің (ауыз су, дайын кулинарлық тағамдар, жарма, ұн, қант) тең жартысы, ойыншықтардан 26-ның 20-сы, балық өнімдері, арақ-шарап, тұрмыстық химия тауарлары түгелдей сапасыз болып шықты.
Тексерулер қорытындысы бойынша талапқа сай келмейтін өнімдерді cауда-саттыққа шығармау жөнінде 99 ұйғарым беріліп, әкімшілік құқықбұзушылық туралы 31 хаттама толтырылды. 31 нысан бойынша материалдар сотқа жолданса, соның 28-іне айыппұл салынып, 27-сіне жекелеген өнімдерді өткізуге тыйым салынды. Жыл басынан бергі салынған айыппұл көлемі 9 млн. 117,2 мың теңгені құрады.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).