Әлеуметтік желіде жарияланған ақпаратта тұрғын 8 сәуірде жоғалып кеткен ағасын отбасы болып іздегенін жазады.
Оның пікірінше, полиция өте баяу жұмыс істеген. Бірнеше рет шағым да жазған. Іздестіру барысында Көшім ауылында ағасын автокөліктен көрген куәгерден тиісінше жауап алынбаған, толық тексерілмеген.
Марқұмның денесі 28 маусым күні Көшім каналынан табылған.
Осыған орай Kazinform тілшісі БҚО полиция департаментіне сауал жолдаған еді.
Департаменттің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, Бәйтерек ауданы Ақсу ауылының тұрғыны өзінің 1974 жылғы күйеуінің із-түзсіз жоғалып кеткені жөнінде 11 сәуірде полицияға жүгінген.
Әйелдің сөзіне қарағанда, ер адам 8 сәуір күні үйінен шығып кеткеннен оралмаған.
Аталған адамның хабарсыз жоғалып кету дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілді.
Хабар түскеннен кейін БҚО полиция департаментінің бүкіл жеке құрамына бағыт берілді. Жедел іздестіру іс-шаралары кешенді түрде атқарылды. Куәгерлерден жауап алынып, Ақсу ауылының аулаларын аралау жұмыстары жүргізілді.
Сондай-ақ жоғалып кетер алдында оны көрген және тілдескен адамдар анықталып, тексерілді.
Іздестіру іс-шараларына төтенше жағдай бөлімінің қызметкерлері, қызметтік итімен кинологтар, сүңгуірлер, әуеден мониторинг жасау үшін ұшқышсыз ұшатын аппарат мамандары, жергілікті атқарушы органдар өкілдері, Бәйтерек ауданының полицейлері тартылды. Бірлескен іс-шаралар Көшімнен Скворкин ауылына дейінгі орман алқабында, сонымен қатар Ақсу маңындағы Жайық жағалауында жүргізілді.
Кешенді іс-шараларға қарамастан жоғалып кеткен адамның қайда екенін табу мүмкін болмады.
- 28 маусым күні Көшім каналынан ер адамның мүрдесі табылды. Өлімнің себебін анықтау үшін сот-медициналық сараптама тағайындалды. Сараптама қорытындысына сәйкес тиісті процессуалдық шешім қабылданатын болады, - деп хабарлады ведомстводан.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Қазақстанның батысында есірткі арнасының жолы кесілгенін жазған едік.