БҚО-да «Сәйгүлік» жылқы мұражайының іргесі қаланды

Фото: None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Қазталов ауданы Қошанкөл ауылында «Сәйгүлік» жылқы мұражайының іргесі қаланып, жұмыс жасай бастады.

 
Аудан әкімі Нұрлан Бекқайырдың айтуынша, журналист, аудандық «Ауыл айнасы» газетінің редакторы Серік Жұмағалиевтің ұсынысымен қолға алынған бұл жобаға бүкіл аудан халқы атсалысып, мұражайға арнайы бөлінген орынды жабдықтауға өз үлестерін қосуда. Мұны еліміздегі жылқыға арналған алғашқы мұражай деуге болады. Алдағы уақытта ол жаңа жәдігерлермен толықтырылып, туристер тамашалайтын орынға айналмақ.

«Сәйгүлік» мұражайының ашылу рәсімінде аудандық «Ауыл айнасы» газетінің редакциясы әзірлеген «Жасымнан жылқы десе, менің жаным...» атты деректі бейнебаян көрсетіліп, сыйлықтар мен жәдігерлер табысталды.

   

Содан кейін мереке ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің күніне арналған жәрмеңке, мәдени-спорттық шараларға ұласты. Ауданның әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына үлес қосқан еңбек майталмандарына құрмет көрсетіліп, өнерпаздар концерт қойды.

Аударыспақ, қазақ күресі, арқан тартыс сынды қазақтың ұлттық ойындары ат бәйгесіне жалғасты. Қазақтың жабы тұқымды жылқылары арасында өткен 22 шақырымдық аламан бәйгеде Бөкей ордасы ауданы Бисен ауылынан келген Амантай Құспанов Балакүреңімен бас жүлдеге тігілген жылқыны иеленді. Бұл да жылқыға көрсетілген құрметтей еді.

 

Соңғы жаңалықтар