ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында сегіз адам мас күйінде полиция қызметкерлеріне шабуыл жасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, оқиға Бөрлі ауданы аумағында 17 мамырға қараған түні Бөрлі – Орал автожолында болды.
Бөрлі ауылының тұсында облыстық патрульдік полиция батальонының инспекторлары ресейлік нөмірмен келе жатқан «Киа Соренто» автокөлігіне тоқтауға белгі берген. Алайда автокөлік полиция қызметкерлерінің заңды талабына бағынбай, Қанай ауылына қарай жүрген.
Содан кейін автокөлік тоқтап, ішінен мас күйінде 8 адам шыққан. Олар полиция қызметкерлеріне шабуыл жасап, дене жарақаттарын келтірген.
Жедел шаралар барысында барлық күдіктілер анықталып, ұсталды.
Қазіргі кезде ҚР ҚК 380-бабына (билік өкiлiне қатысты күш қолдану) сәйкес тергеу амалдары жүргізілуде.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).