Шарада аудан әкімі Абат Шыныбеков Сырымда кәсіпкерлік саласының дамуына барынша қолайлы жағдай жасалып отырғанын жеткізді.
Сенат депутаты соңғы он бес жылда ел экономикасы өрге басып, кәсіпкерлік саласы да өзінің жаңа бағыт-бағдарын айқындағанын атап өтті. Бұл тың үрдістен ауыл кәсіпкерлері де сырт қалмауы тиіс.
Кездесу барысында кәсіпкерлер өзекті мәселелерді көтеріп, әсіресе, мал жайылымына байланысты түйткілді жайттарды шешуді сұрады.
«Парламентте «Жайылымдар туралы» Заң жобасы бірінші оқылымда қаралғаны белгілі. Осы орайда тұрғындар екінші оқылым кезінде ескеруге болатын бірнеше мәселені жеткізді. Мысалы, қазір кейбір елді мекендер маңында мал жайылатын жер жоқ. Кезінде шаруа қожалықтарына жер ауылға жақын жерден беріліп кеткен. Енді оларға басқа жер ұсынылуда. Сол секілді бұрын егістік болған жерлерді жайылымға аударуға болар еді. Міне, осы жерді қайта рәсімдеген кезде тегін жүргізілсе, дейді олар. Айталық, 50 мың гектарға қайта құжат алу үшін 120 мың теңге қажет. Бұл ауыл адамдары үшін аз қаржы емес. Егер олар ортақ жайылым үшін жерді басқа жақтан алуға келісіп отырса, неге жеңілдік берілмеске!? Берілген жерлердің игерілмей, бос жатуы, ауыл шаруашылығымен айналысатын шаруаларға мемлекеттік бағдарламалар арқылы несие алғаны үшін берілетін демеуқаржының тоқтатылмауы қажеттігі және басқа ұсыныс-тілектер айтылды. Мұның бәрі жұмыс барысында ескерілетін болады», деді «ҚазАқпарат» тілшісіне Ерболат Мұқаев.