БҚО-да сессия отырысында дауыс көтерген ауыл әкіміне қатаң сөгіс берілді
ОРАЛ. KAZINFORM — ҚР Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттігі БҚО бойынша әдеп кеңесінің кезекті отырысында әдеп талаптарын сақтамау деректері бойынша мемлекеттік қызметшілердің тәртіптік істері талқыға түсті.
ҚР Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттігінің БҚО бойынша департаментінің мәліметіне қарағанда, Жаңақала ауданы Пятимар ауылдық округінің әкімі Бауыржан Рамазанов аудандық мәслихат сессиясының отырысында қатысушыларға дауыс көтеріп, «Кетші-ей, басты қатырмаңдар!» деген.
Әдеп кеңесінің отырысында Б.Рамазанов жиналыстарға үнемі осы адамдардың келіп, кедергі келтіретінін, сондықтан әлгіндей сөзді айтқанын жеткізді.
Департамент басшысы, әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Мұрат Байсалов ауыл әкімінің тәртіптік ісі 2024 жылы да қаралғанын еске салып, одан сабақ алмағанына екпін түсірді.
Әдеп кеңесі Б.Рамазановқа қатаң сөгіс түріндегі тәртіптік шара қолдану туралы шешім қабылдады.
Сол секілді Бәйтерек ауданы сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы Артур Баяхатов жер комиссиясы отырысында әдепке жараспайтын сөз айтқан. Оған ескерту түріндегі тәртіптік шара беру жөніндегі ұсыныс кеңес мүшелерінің басым даусымен қолдау тапты.
Отырыстың қорытындысы бойынша қызметтік тәртіпті нығайту және әдеп мәдениетін арттыру бағытында тиісті ұсынымдар қабылданып, мемлекеттік органдарға нақты тапсырмалар берілді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстан облысында әдеп нормасын бұзған ауыл әкімі сөгіс алғанын жазған болатынбыз.