ОРАЛ. ҚазАқпарат - Шалқар көлінде төрт бірдей жас жігіт құтқарылды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.
БҚО ТЖ департаменті жедел құтқару жасағының бас құтқарушы-психологы Ләйла Әбдірахманованың айтуынша, Теректі ауданы Сарыөмір ауылындағы №5 құтқару бөлімшесінің қызметкерлері көлдің жағасынан 1,5 шақырымдай жерде ағып бара жатқан үрмелі матрасты байқап қалады. Сөйтсе, үстінде төрт адам бар матрасты күшті жел жағадан алысқа алып кеткен екен. Оларды құтқарушылар жағаға алып шықты. Жағдайлары қанағаттанарлық болғандықтан, медициналық көмек көрсетілген жоқ. Дегенмен оларға судағы қауіпсіздік ережесін түсіндіруге тура келді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Орал қаласында Шаған өзенінде 12 және 5 жасар бала құтқарылған болатын.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).