ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында шекарадан медициналық құрал-жабдықтарды заңсыз алып кетпек болғандар ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
ҚР ҰҚК Шекара қызметі департаментінің баспасөз қызметі мәлім еткеніндей, «Сырым» автокөлік өткізу бекетінде жалпы құны 1 млн 550 мың теңге тұратын 3100 дана медициналық қорғаныс костюмін алып кетудің жолы кесілді.
Бұдан басқа 12 млн теңге тұратын 800 дана пульсті оксиметрді қазақстандық азаматтың елден алып кетпек болғаны әшкереленді.
Шекарашылар сондай-ақ «Сырым» бекетінде 1 мың ПЦР-тестінің шет ел асып кетуіне тосқауыл қойды. Алдын ала есеп бойынша мұның құны 5 млн 74,480 мың теңгені құрайды.
Ұсталған жүк пен көлік құралдары уәкілетті мемлекеттік органдар қызметкерлеріне тапсырылды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да қараша айында 355 адамның коронавирустан жазылып шыққанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).