БҚО-да шетел азаматы жүк көлігімен трассада қалып қойды

None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында жүк көлігімен жолда қалып қойған шетел азаматына көмек көрсетілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, 26 желтоқсан күні таңертең Тасқала ауданы Достық ауылы маңында Беларусь елінің 57 жастағы азаматы айдап келе жатқан «Вольво» жүк көлігі сынып, жолда қалған.

Сағат 11.33-те оқиға орнына құтқарушылар жетіп, олар көліктің отынын (дизель) жылытып, қажетті құрал-саймандармен қамтамасыз етті. Күннің суықтығына байланысты қатты тоңып қалған жүргізушіні құтқарушылар Тасқала ауылындағы жылыту пунктіне апарып, тамақтандырып, жағдайын жасаған.


Таратылған ақпаратқа сүйенсек, көлік жөнделді. Жүргізуші жексенбі күні жолға шығатын болады.

«Өзіне шұғыл жәрдем бергені үшін Беларусь елінің азаматы Тасқала ауданы әкімдігі мен құтқарушыларға алғысын білдірді», - деді департаменттен.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда жаяу бұрқасын соғып, көктайғақ болатынын жазған едік.

Өңірде соңғы күндері ауа райының бұзылатыны туралы осындай ескерту үздіксіз жарияланып келеді.