ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында төленбеген айыппұлдары бар шетелде тіркелген 72 көлік ұсталды. Автомашиналар «Автоураган» кешенінің көмегімен анықталған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, анықталған көліктер жүргізушілерінің мойнында 651,801 мың теңге айыппұл бар болып шықты. Бүгінде олар толық көлемде өндірілді.
«Полиция департаменті 26 қазан күні «Автоураган» аппараттық-бағдарламалық кешенін жаңғырту жұмыстарын жүргізді. Бұл иелері жол-көлік ережесін бұзған немесе әкімшілік айыппұлды төлемей жүрген, Қазақстанда ғана емес, сондай-ақ шет мемлекеттерде тіркелген автокөліктерді де анықтауға мүмкіндік береді. Аз уақыттың ішінде шетелде тіркелген осыншама көлік ұсталып, айыппұлдар өндірілді», - деді ҚазАқпарат тілшісіне БҚО Полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасы әкімшілік практика бөлімшесі бастығының міндетін атқарушы, полиция капитаны Олжас Ибрайымов.
Айта кетейік, жыл басынан бері «Автоураганның» көмегімен иелері 32 млн 411, 950 мың теңге қарыз болған 615 көлік анықталды.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).