ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында шыбын-шіркеймен күрес шараларына 49 млн. теңге жұмсалмақ. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметі өңірлік филиалында БҚО тұтынушылар құқығын қорғау департаментінің басшысы Жайдар Құрманов мәлім етті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
Оның айтуынша, осы шарамен қамтылатын аумақты анықтау жұмыстары 1-15 сәуір аралығында жүргізіледі. Содан кейін ауа райы мен су қоймаларында масаның өсіп-өнуіне қарай өңдеу жұмыстары басталады. Бағдарлама әкімшісі БҚО энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы конкурс өткізіп, өнім жеткізуші мекемені анықтайды.
Ж.Құрмановтың пікірінше, шыбын-шіркей мен безгекке қарсы жоспарлы өңдеу жұмыстары республикалық бюджеттен бөлінетін қаржының жеткіліксіздігіне байланысты аз нәтиже беруде. 2009 жылға дейін жергілікті қазынадан бөлінген қаражатқа 10-15 мың гектар аумаққа дейін өңдеу жұмыстары жүргізіліп, жағдайды тұрақтандыруға септігін тигізген болатын. Ал 2016 жылы берілген 48,9 млн. теңге тек Орал қаласы маңындағы 6600 га аумақты әуе көлігінсіз, жер үсті улау көлігімен ғана өңдеуге мүмкіндік берді. Биыл өңірде қыста қардың көп түсуіне байланысты ылғалдың молайып, соның салдарынан шыбын-шіркейдің де көбейіп кетуі әбден ықтимал.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).