БҚО-да шырша шамдары жағылып, Жаңа жылға арналған шаралар өтуде

None
ОРАЛ. 26 желтоқсан. ҚазАқпарат - БҚО қала, аудандарында шырша шамдары жағылып, Жаңа жылға арналған шаралар өтуде.

Бөрлі ауданының орталығы Ақсайда бас шыршаның жанына жиналған қала тұрғындарын аудан әкімі Марат Түсіпқалиев құттықтап, Жаңа жылда табысқа жетулеріне тілектестігін білдірді.

Шырша шамын «Жас дарын» шығармашылық тобының белсенді мүшесі Ғұмар Аяжан жағып, сән-салтанаты келіскен орман сұлуына көрік берді.

Шараға келгендердің назарын өздеріне аударған түрлі ертегі кейіпкерлері кеш қонақтарымен бірге шыршаны айнала ән айтып, би биледі. Тарих қойнауына еніп бара жатқан Ескі жыл елмен жылы шыраймен қош айтысып, Жаңа жыл жаңа нұр ала келетінін жеткізді. Көпшіліктің шақыруымен ортаға келген Аяз ата мен Ақшақар да жаңажылдық лебіздерін білдірді. Мерекелік думан жергілікті өнерпаздардың концерттік бағдарламасына және жастардың биіне ұласты.

Жаңақала ауданының орталық алаңында да бас шыршаның шамы жағылды. Шырша шамын жағу рәсіміне аудан тұрғындары, Аяз ата мен Ақшақар, ертегі кейіпкерлері қатысты. Аудандағы әрбір мекеме бір жылды бейнелеп киініп, алаңнан өтті. Жиналғандарды мерекемен құттықтап, ізгі тілегін білдірген аудан әкімі Лавр Хайретдинов 13 метрлік шыршаның шамын жақты. Сонымен қатар шара барысында алаңда лотерея билеттері ойнатылды.