ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында даладан снаряд табылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, оқиға кеше Теректі ауданында болған. Теректілік тұрғын Новопавлов ауылы маңынан снарядқа ұқсас зат тауып алғанын хабарлаған.
Полиция қызметкерлері барып тексергенде, бас жағындағы жарылғышы жоқ снарядтың бөлігі болып шықты. Снарядтың ұзындығы 250 мм, диаметрі 70 мм.
«Снаряд барлық қауіпсіздік шаралары сақтала отырып, жойылды», деді БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметінен.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралдағы түзету мекемесінде жарылғыш құрылғыға ұқсас зат табылғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).