БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, соның ішінде 29 адам көлік құралын мас күйінде айдаған. 116-сының жүргізушілік құқығы болмаған. 35-і көлік құралын басқару құқығынан айырылған.
Сондай-ақ 365-і автокөлік айдап келе жатып, телефонды пайдаланған. 34-і қарсы қозғалыс жолағына шығып кетсе, 41-і жолаушыларды заңсыз тасымалдаған. 471-і көлік құралдарының техникалық жай-күйіне қатысты талаптарды бұзған. 12-сі мемлекеттік тіркеу нөмірін жасырған немесе қолдан жасаған.
Сонымен қатар 231 көлік арнайы айып тұрағына қойылды.
«Қауіпсіз жол» іс-шарасы кезінде апат жиі болатын жол учаскелерінде уақытша 4 бақылау бекеті ұйымдастырылып, жүргізушілермен түсіндіру жұмыстары жүргізілді. 2 мыңнан астам жадынама таратылды.
Жол қауіпсіздігін арттыру мақсатында 729 жол белгісі, 2 бағдаршам орнатылып, 20 жаяу жүргіншілер өткелі жарықтандырылды, 10 жерде жасанды жол кедергілері қойылды. Сондай-ақ 5 шақырым көше жарығы орнатылып, республикалық маңызы бар жолдардың 2 учаскесінде жарық лазерлері кешені іске қосылды.
Қабылданған шараларға қарамастан, аталған кезеңде 6 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Апаттардың салдарынан 4 адам қаза тауып, 9-ы түрлі дене жарақатын алды. Олардың ішінде кәмелетке толмағандардың қатысуымен 1 жол-көлік оқиғасы болып, 2 жасөспірім жарақаттанды.
- Жол-көлік оқиғаларына ұшыраған көлік құралдарының басым бөлігі Қазақстан Республикасында тіркелген. Оң рульді автокөліктер қатыспаған. Тек бір жағдайда Ресей Федерациясының азаматы өз көлігімен жол апатына ұрынған. Барлық жүргізушілердің мас күйінде болмағаны анықталды. Бір жол апатында көлік құралын басқару құқығынан айырылған жүргізуші автокөлік айдаған, - деп хабарлады ведомстводан.
Департамент мәліметіне қарағанда, республикалық маңызы бар автожолдарда ұшқышсыз ұшу аппараттары жоспарлы түрде қолданылып келеді. Жыл басынан бері дрондардың көмегімен жол қозғалысы ережесін бұзудың 41 дерегі тіркелді.
«Қорғау» ақпараттық жүйесінің көмегімен биыл 3 213 жүргізушінің құқық бұзғаны белгілі болды. Сондай-ақ жол қозғалысы ережесін үш және одан да көп рет бұзған 83 қауіпті жүргізуші есепке алынды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда көлік қағып кеткен 7 жастағы қыздың қаза тапқанын жазған едік.