БҚО-да соңғы бес жылда ауыл шаруашылығы саласына 67 млрд теңге бөлінді

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында соңғы бес жылда ауыл шаруашылығы саласына 67 млрд теңге бөлінді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

Облыстық қазақ драма театрында ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің күніне арналған салтанатты жиында облыс әкімінің бірінші орынбасары Арман Өтеғұловтың мәлім еткеніндей, биылдың өзінде 10,4 млрд теңге қаралды. Бұл 2016 жылғыдан 12 пайызға көп. Елбасы тапсырмасына сәйкес мемлекет тарапынан агроөнеркәсіп саласын тұрақты қолдаудың нәтижесінде мал басы өсіп, егіннен де жақсы өнім алынуда. Облыста 6087 шаруашылық құрылымы болса, саладағы жалпы өнім көлемі өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарымен салыстырғанда, 18 есеге (7 млрд теңгеден 131 млрд теңгеге) артты. 2000 жылмен салыстырғанда, ірі қара 1,7, қой-ешкі 2,3, жылқы 2,9, құс 2,8 есеге өсті.

 

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Берік Есенғалиевтің айтуынша,  Ақ Жайық өңірі қазақтың ақбас сиырының, еділбай қойының, көшім жылқысының, бактриан түйесінің отаны болып табылады. Сол себепті облыста мал шаруашылығына басымдық беріліп отыр. Мал шаруашылығы өңірдің барлық ауданында қарқынды дамуда. Әсіресе, Ақжайық, Бөкей ордасы, Жаңақала, Жәнібек, Қазталов және Қаратөбеде етті бағыттағы мал өсірілсе, облыс орталығына жақын орналасқан аудандар сүтті бағыттағы мал өсіруге ден қойып, сүт өнімдерін өңдеу бойынша жүйелі жұмыстануда. Ал Бөрлі, Зеленов, Сырым, Тасқала, Теректі, Шыңғырлау аудандарындағы агроқұрылымдар өсімдік шаруашылығын дамытуға өз үлестерін  қосып  келеді.

 

Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығы өнімдерінің сапасы жоғары, экологиялық  тұрғыдан таза болуы керектігін атап көрсеткені белгілі. Өйткені мұндай азық-түлік тауарларына шетелдерден сұраныс жоғары. Солардың бірі - дәнді дақылдар. Өңірдегі барлық ауыл шаруашылығы дақылдарының биылғы нақты себу алаңы  487,3 мың гектар болды. Биыл батысқазақстандық диқандар дәнді дақылдардың әр гектарынан 14,7 центнерден өнім жинады. Бұл -  Қазақстан тәуелсіздік алғалы бері облыс қол жеткізген ең жоғары көрсеткіш. Жалпы, облыс бойынша 360 мың тонна астық бастырылды. 2014 жылғы деңгеймен салыстырғанда ол 151,6 пайызға жоғары.

 

Ауыл шаруашылығын ілгерілету жолындағы түрлі жұмыстар алдағы уақытта да жалғаспақшы.

Салтанатты жиын барысында сала үздіктері ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Еңбек ардагері» медалімен, «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгісімен, құрмет грамоталарымен және түрлі аталымдар бойынша облыс әкімінің алғысхаттарымен марапатталды.