ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында сот тұрғынның 1,2 млн астам теңге жалақы қарызын өндіріп берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО сотының баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, Зеленов аудандық сотына әйел адам 1 201 833 теңге еңбекақы қарызын өндіру талабымен жүгінген.
Сот отырысында тұрғын «G» ЖШС-ында 2012 жылдан 2017 жылға дейін есепші болып жұмыс жасағанын жеткізді. Алайда 2016 жылы серіктестік оған жалақысын төлемеген. Соған қарамастан, есепші 2017 жылға дейін жұмысын жалғастыра берді.
Сотқа куәгер ретінде шақырылған «G» ЖШС құрылтайшыларының бірі А. деген азамат талапкердің уәжімен толық келісті.
Сот іс құжаттарын зерттей келе, талап-арызды толық көлемде қанағаттандырды.
Сот шешімі заңды күшіне енген жоқ.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).