ОРАЛ. 11 сәуір. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында студенттік құрылыс және жастар еңбек жасақтарының, сондай-ақ «Жасыл елдің» жазғы еңбек маусымына дайындық жүргізілуде.
Облыстық штаб басшысы, «Жас Отан» жастар қанатының атқарушы хатшысы Дархан Қадырәлиевтің айтуынша, наурыз айында студенттік жасақтардың еріктілері зейнеткерлер мен жалғызілікті қарияларға, Оралдағы қарттар үйінің аумағын абаттандыруға қолұшын берді.
Биыл жазда кемінде 700 студентті еңбекке орналастыру көзделуде. 30-дай жасақ құрылатын болады, қазіргі кезде құрылыс фирмаларымен келіссөздер жүргізілуде. Бұл кәсіпорындар басшыларының көпшілігі жергілікті мәслихат депутаттары болғандықтан, олардың көзқарасы да дұрыс.
«Жасыл ел» еңбек жасақтарының қатарына 750 жасты тарту жоспарлануда. Олардың 350-і қаланы жасылдандыру жұмыстарына қатысса, қалғаны аудандарға жіберіледі.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).