БҚО-да су басып қалған елді мекендерден 2600-ден астам адам көшірілді

АСТАНА. 13 сәуір. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында су басып қалған елді мекендерден 2600-ден астам адам көшірілді. Құтқару жұмыстарына ҚР Төтенше жағдайлар министрі Владимир Божко тікелей басшылық етуде.

Төтенше жағдайдың салдарын жою жұмыстарына барлығы 2000 адам, арнайыландырылған 300 техника, 78 жүзу құралы, жеке құрамды жеткізуге арналған ҚР ТЖМ-ның 2 ұшағы және «Еуро-Азия-Эйр» тікұшағы жұмылдырылды. Құтқарушылар тәулік бойы жұмыс істеуде.

ТЖМ бөлімшелерінің қызметкерлері қалған азаматтарды анықтап, оларды қауіпсіз жерге шығару үшін су басқан саяжайлар мен елді мекендерді аралауда. Су шайып кеткен автожолдарды қайта қалпына келтіру жұмыстарына әзірлік басталды. Өзендердің қауіпті учаскелерінде және бөгендерде су деңгейін қадағалайтын кезекшілер қойылды. ҚР ТЖМ-ның құтқарушылары тұрғын үйлерден суды ағызу, арықтарды тазалау және бөгендерді бекіту жұмыстарын жүргізуде. Өзендерде сеңдерді жару шаралары жүзеге асырылуда.

БҚО-да тұрғын үйлерге су келе бастаған уақыттан бері, әлеуметтік маңызы жоғары «Жас Дәурен» балалар үйі, кардиологиялық орталық, «Ивушка» шипажайы мен басқа да нысандардағы адамдарды қоса есептегенде 2600-ден астам халық қауіпсіз жерге көшірілді.