БҚО-да су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға баспана беріліп жатыр
ОРАЛ. KAZINFORM – Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Батыс Қазақстан облысы аудандарында су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға баспана беріліп жатыр.
Бәйтерек ауданында 2, Теректіде 5 отбасы жаңа қонысқа көшті. Бәйтерек ауданы Достық ауылының тұрғыны Ақмарал Сламғалиқызының баспанасы су тасқыны салдарынан жарамсыз болып қалған. Бүгінде Ақмарал Сламғалиқызы жаңа үйіне қоныстанды.
«Үш бөлмелі үйім суға кеткен еді. Қорқынышты уақытты бастан кешірдік. Алайда Президенттің «Далада қалмайсыздар» деген сөзі бізге үлкен үміт берді. Алғысымыз шексіз. Міне, бүгін баспаналы болып отырмыз», - деді ол.
Сонымен қатар Орал қаласына іргелес орналасқан Теректі ауданына қарасты Подстепный ауылының тұрғындары да баспанаға қол жеткізе бастады.
Жүргізілген техникалық зерттеу нәтижесінде Подстепный ауылы бойынша 116 тұрғын үй жарамсыз деп танылған. Қазіргі таңда 106 үйдің құрылысы басталса, 10 тұрғын үй сатып алынып жатыр. Баспанасы суда қалған жандардың бірі – Айгүл Кеңесова. Ол алғашқылардың бірі болып, жаңа пәтерінің кілтін алды.
«Мен осы ауылдың тұрғынымын. Су тасқыны кезінде жалғыз үйім суға кетті. Бұл мәселе күзге дейін созылып кете ме деген қорқыныш болған еді. Алайда әкімдік аз ғана уақытта бізге пәтер сатып әперуге ықпал етті. Осылайша, бүгін қоныс тойын тойлап жатырмыз. Мемлекет басшысына алғысымды білдіремін», - деді Айгүл Кеңесова.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда жалғыз баспанасы апатты деп танылған саяжай тұрғындарына пәтер беріле бастағанын жазған болатынбыз.