БҚО-да су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға қосымша 38 үй берілді
ОРАЛ. KAZINFORM – Батыс Қазақстан облысы Сырым ауданында су тасқынынан зардап шеккен тұрғындар үшін қосымша 38 тұрғын үй бой көтерді.
Фото: БҚО әкімдігі
Алғашқы тұрғын үйлердің кілттері бір апта бұрын табысталған еді. Бұл жолы Жымпиты, Өлеңті және Бұлдырты ауылдарында қалған баспана кілттері ауыл тұрғындарына берілді.
Фото: БҚО әкімдігі
«Міне, жаңа қонысқа кіріп жатырмыз. Президентімізге, үй салған барша азаматтарға алғысымды білдіремін. Енді мұндай жағдай болмасын елімізде. Ауылымыз көркейе берсін!», - деді жаңа қоныс иесі Жаңыл Айдарханова.
Фото: БҚО әкімдігі
БҚО әкімдігінен алынған мәліметке қарағанда, Батыс Қазақстан облысында су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға 889 үй салынды. Оның 451-і Орал қаласында. Сондай-ақ, Оралдағы үйі суға кеткен саяжай тұрғындарына демеушілер қаржысына 2 мыңнан астам баспана сатып алынды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда су тасқынынан зардап шеккен мүмкіндігі шектеулі жанның сот арқылы өтемақыға қол жеткізгенін жазған болатынбыз.
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).