Оның айтуынша, облыс аумағында су тасқыны кезінде төтенше жағдайларды болдырмау мақсатында кешенді шаралар алынуда. Мысалы, 335 тонна жанар-жағар май, 23 мың тонна инертті материал, 137 мың қапшық дайындалды. Сонымен қатар облыстық бюджеттен мұз жару жұмыстарын жүргізетін бригадаларды тартуға 11,8 млн. теңге, әуеден шолып тексеруге тікұшақ тартуға 13,7 млн. теңге және ғарыш мониторингісіне 6,5 млн. теңге қарастырылды. Қазіргі кезде тиісті мекемелермен белгіленген тәртіппен келісім-шарттар жасалуда.
Облыс аумағында барлығы 200-ге жуық өзен-көлдер болса, соның ішінде Жайық, Шаған, Деркөл, Қараөзен мен Сарыөзен ірі трансшекаралық өзендер болып табылады. «Қазгидромет» РМК мәліметіне қарағанда, шағын өзендер мен жабық су қоймаларында мұздың қалыңдығы 30-40 см болса, Жайықта 40-45 см-ға дейін жеткен. Қар қоры қалыптағыдан жоғары. Мысалы, Жайық өзенінде 84 мм (қалыпты мөлшері - 63 мм), Деркөл мен Шағанда 58 мм (48 мм), Қараөзен мен Сарыөзенде 57 мм (38 мм), Өлеңті мен Қалдығайтыда 76 мм (50 мм).
Өңірде республикалық маңызы бар автожолдарда 439, жергілікті жолдарда 1140 су өткізу құбыры болса, солардың ішінде су басуы ықтимал жерлер анықталды.
«Су басу қаупі бар аумақтарда тұратын тұрғындарға алдын ала ескертілуде. Мысалы, Оралдағы Жайық, Шаған және Деркөл өзендерінің жайылмаларында 72 саяжай бірлестігі болса, соларда 2329 отбасы (11502 адам) тұрақты тұрып жатыр, соның 3718-і - балалар. Облыс бойынша 48 уақытша орналастыру пункті белгіленсе, соның 25-і Оралда. Су тасқыны жағдайында іске қосылатын 76 құрылымда 1946 адам, 920 техника бар. Су басу қаупі бар жерлер инженерлік техникалары бар ұйымдарға бекітілуде», деді Ж.Жұмашев.