ОРАЛ. ҚазАқпарат – Оралда 9 қабатты үйдің шатырында ток соққан жас жігіт қаза тапты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО Полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, оқиға 1 қыркүйек күні сағат 23.10-да Д.Қонаев шағынауданында болды.
Тұрғын үй шатырында 31 жастағы жігітті электр тогы соғып, соның салдарынан ол оқиға орнында көз жұмды.
Қазіргі кезде осы дерек бойынша Орал қаласының Полиция басқармасы тергеу амалдарын жүргізуде.
Тұрғындардың сөзіне қарағанда, Самат Шайдоллаұлы волонтерлікпен айналысқан, Uralsk Runners жүгіру тобының мүшесі болған. Ол осы тоғыз қабатты үйдің қабырғасына сурет салып жатқан суретшіге көмектесіп жүрген.
Ал БҚО Жастар саясаты мәселелері басқармасынан алынған мәліметке қарағанда, Волонтер жылына орай арнайы ашылған сайтта марқұм ерікті ретінде ресми тіркелмеген.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).