БҚО-да сүт безі обыры бойынша 30 мыңнан астам әйел скринингтен өткізілді

ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысында биыл сүт безі обыры бойынша жоспарланған тұрғындардың 69,3 пайызы немесе 30 170 әйел скринингпен қамтылды.

Фото: pexels

БҚО денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Айнаш Ғұбайдуллинаның өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте мәлім еткеніндей, соның нәтижесінде 36 әйелден сүт безі обырының ерте сатысы анықталды. Сондай-ақ 1 176-сынан қатерсіз ісік және 5 096-сынан қатерсіз дисплазиялық өзгерістер табылды.

Айнаш Жұбанышқызының сөзіне қарағанда, жатыр мойны обыры бойынша 22 940 әйел немесе 74,6 пайызы тексерілді. Соның ішінде 3 әйелдің жатыр мойны обыры, 297-сінің обыр алды патологияға шалдыққаны белгілі болды. 

Сонымен қатар колоректальды обыр бойынша 41 071 адам (79,2 пайыз) скринингтен өткізілді. Соның 10-ынан тоқ ішек обыры, 210-ынан обыр алды патология анықталды. 

— Осы орайда тұрғындардың өздері тіркелген емханаларда скринингтік тексеруден уақытылы өтудің маңызы зор екендігін еске саламыз. Бұл қатерлі ісіктерді ерте анықтауға мүмкіндік береді. Өңірде онкологиялық аурулармен күрес жөніндегі кешенді жоспарды жүзеге асыру аясында облыстық онкологиялық диспансер жоғары технологиялық медициналық құрал-жабдықтармен кезең-кезеңмен қамтамасыз етілуде, — дейді А.Ғұбайдуллина.

Оның айтуынша, соңғы үш жылда онкологиялық қызметтің материалдық-техникалық базасы айтарлықтай жаңартылды. Мысалы, 2023 жылы жалпы құны 6,6 млн теңге болатын 20 медициналық құрал-жабдық, 2024 жылы 125 млн теңгеге 1 лапароскопияға арналған бейнеэндоскопты кешен, ал 2025 жылы 1,7 млрд теңгеге 18 медициналық техника сатып алынды.

— Барлық хирургиялық операцияда аз инвазивті эндоскопиялық араласуларды жүргізуге мүмкіндік беретін аргон-плазмалық коагуляциясы бар электрохирургиялық кешен кеңінен қолданылуда. Цитологиялық диагностика зертханасына сұйықтық цитология аппараты мен заманауи микроскоптан тұратын автоматтандырылған жабдық енгізілді. Бұл жатыр мойны обырын және оның обыр алды өзгерістерін диагностикалау сапасын едәуір арттырды. Биылғы жылы осы әдіспен 22 951 әйел тексерілді, — деп қосты басқарма басшысының міндетін атқарушы.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да табылған медициналық қалдықтардың жай-жапсары белгілі болғанын жазған едік.