ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында 2016 жылы және биылғы жыл басынан бері сыбайлас жемқорлыққа барған 56 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылса, соның 47-сі сотталды. Бұл туралы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өңірлік комиссияның кезекті отырысында айтылды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі ұлттық бюро облыстық департаментінің басшысы Мақсат Қожабаевтың мәлім еткеніндей, алынып жатқан шараларға қарамастан, сыбайлас жемқорлық көріністері азаймай келеді. Атап айтқанда, 2016 жылы мен биылғы бес айда аталмыш департамент өндірісінде 170 қылмыстық іс болса, соның 121-і аяқталып, 108-і сотқа жіберілді. Аталған мерзімде сот үкімдерімен салынған айыппұл көлемі 91 млн. теңгеден асты. Осы кезеңде 45 мемлекеттік қызметші мен оған теңестірілген тұлғалар 114 сыбайлас жемқорлық қылмысын жасады. 12 бірінші басшы мен олардың орынбасары қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Оған қоса лауазымдық қылмыстары үшін 17 адам қармаққа іліксе, соның 9-ы басшылар болып отыр.
Комиссия отырысына қатысқан облыс әкімі Алтай Көлгінов сыбайлас жемқорлықпен күрес мәселелеріне Елбасымыз бірінші кезекте маңыз беріп отырғанын, сондықтан бұл кеселдің алдын алуға баса назар аударып, бірлескен жұмыс сапасын арттыру, бұған мемлекеттік органдармен қатар үкіметтік емес ұйымдар, құқық қорғау құрылымдары, жұртшылық өкілдері белсене қатысуы қажеттігін атап көрсетті.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).