БҚО-да сыбайлас жемқорлықтың басым бөлігі әкімдік қызметкерлеріне қатысты болып отыр

ОРАЛ. ҚазАқпарат  - Батыс Қазақстан облысында сыбайлас жемқорлық қылмыстарының басым бөлігі әкімдік пен оның құрылымдық бөлімдерінің қызметшілеріне қатысты болып  отыр. Бұл туралы бүгін өңірлік коммуникациялар қызметінде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы БҚО бойынша департаментінің басшысы Рустам Ақмырзаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның айтуынша, биыл сондай 60 қылмыс тіркеліп, 12 адам жауапкершілікке тартылды.

Мысалы, Теректі аудандық №2 сотының үкімімен «Теректі - таза су» ЖШС (әкімдік үлесі - 100 пайыз) директоры Кәрімов 5 жылға бас бостандығынан шектелді. Ол серіктестіктің 1,6 млн теңгесін иемденіп, талан-таражға салған.

Бұдан басқа мемлекеттік және үкіметтік бағдарламаларды жүзеге асыруға бөлінген қаржы мақсатты жұмсалмай, 37 сыбайлас жемқорлық дерегі тіркелген.

Айталық, Бөрлі ауданы бойынша тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар тасымалы және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Шәріпов, оның орынбасары Исамалиев және жеке кәсіпкер Табишевтің заңға қайшы іс-әрекеттері әшкереленді. Олар алдын ала сөз байласып, 2016 жылы «Жұмыспен қамтудың жол картасы - 2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында ауылдар мен нысандарды абаттандыруға Үкіметтің арнайы қорынан бөлінген 55 млн астам теңгені қолды қылған.

Бөрлі аудандық сотының 22 маусымдағы үкімімен Шәріпов пен Исамалиевтің сәйкесінше 3 және 2 жылға бас бостандықтары шектеліп, өмір бойына мемлекеттік қызмет атқару құқығынан айырылды. Залалдың толық өндірілуіне байланысты жеке кәсіпкер Табишевке қатысты қылмыстық қудалау ақталмайтын негізде қысқартылды.

Сонымен қатар мектеп және мектепке дейінгі мекеме директорлары мен бухгалтерлерінің іс жүзінде жұмыс жасамайтын адамдарға еңбекақыны заңсыз есептеу жолымен бюджеттік қаражатты ұрлау деректері де жылдан-жылға жалғасып келеді. Биыл жыл басынан бері сондай 8 қылмыс ашылып, 3 адам жауапкершілікке тартылды.

Жәнібек аудандық сотының 25 маусымдағы үкімімен Жәнібек ауылындағы «Алтын ұя» бөбекжайының бас бухгалтері Файзуллина айыпты деп танылып, 6 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол 2015-2017 жылдары ҚР білім және ғылымды дамыту мемлекеттік бағдарламасы («Балапан») аясында бөлінген 5,8 млн теңгені жымқырған.

Айта кетейік, БҚО бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметімен биылғы алты айда 105 қылмыс тіркелсе, соның 89-ы немесе 85 пайызы сыбайлас жемқорлыққа жатады.

Аяқталған қылмыстық істер бойынша келтірілген залал мөлшері 115 млн теңге болса, соның 106 млн теңгесі (93 пайызы) қайтарылды. Сотпен 111 млн теңге айыппұл тағайындалды.

Облыс бойынша 29 адам сыбайлас жемқорлық қылмысын жасаса, соның алтауы - бірінші (екеуі облыстық, үшеуі аудандық, біреуі қалалық деңгейдегі) басшылар.

Жалпы ашылған қылмыстар санының үштен бірі (27) парақорлыққа байланысты болып отыр.